"Балаларымның жетістіктерін үлкен-кіші деп бөлмеймін. Олардың кішкентай кездегі ән айтқандары, сынып аруы атанғаны, НЗМ-ға түскені мен 9 сыныпта бүкіл қалаға K-pop концерт ұйымдастырғаны бірдей қуантады.
Кейде балаларым алдарына мақсат қойып, ол мақсаттары өздеріне оң әсерін бермесе де, жоқ деп айтпаймын. Олардың өздері түсініп, бас тартқандары дұрыс шығар. Кенже қызым биге қатысады. денсаулығын алаңдасам да, апарып тұрам сабақтарына. Өйткені, ол қызым үшін маңызды, біз оның шешімін қолдаймыз.
Балалардың кішкентай кезі өте маңызды. Отбасылық дәстүр, керемет шақтарды өсіп кеткенше жасау керек сияқты. Біздің бірінші дәстүріміз - ол әр жұма сайын үш қызымызды сыртқа шығарып қыдырту. Олар біздің жұмыстан келуімізді күтіп отыратын. Бәріміз бірге сырғанаққа, боулингке не мұз айдынына баратынбыз. Екінші дәстүріміз - Наурыз мейрамын тойлау. Мен наурыз көже пісірем, бірақ ешқайсысы ішпейді оны. Ұлттық мұрамызды қандарына сіндіру үшін ауыз тигіздірем (күледі). Үшінші дәстүріміз - балаларымызды әжелерімен қауыштыру. Бізбен бірге тұрмаса да, айына бір рет болса да, уақыт өткізулерін қалаймыз. Өз әжелері, нағашы әжелері, үлкен әжелері бар. Үлкен буын адамдарының балаларыма ықпалы үлкен. Менің анам мұғалімдіктен зейнетке шыққан кезде, Балымды бір жасынан қараған. Алты жасында Балым оқып та, санап та білген. Мектептен келе салысымен, бірден үй жұмысын орындайтын. Әжесінің тәрбиесі шығар деймін.
Қыздарымды кішкентай кездерінен бастап, өздері немен айналысуды қаласа, соған жағдай жасап беріп отырдық. Үлкен қызым Жасминнің биге барып жүрген кезі. Артынан ілесіп, “Мен де барам”, - деп, үш жасар Балым да қоймай қойды. Бұл үлкен топ, кішкентайымызды алмай қойса да, ақшасын төлеп, “билесе биледі, билемесе, артында отыра берсінші” деп Балымның қалауын қолдағанымыз бар. Бүгін үш қызымыз да биге жақын.
Балаларымның сабақтарына араласпауды жөн көрдім. Білмеймін, дұрыс па, жоқ па. Сынып жетекшілерінен басқа бір мұғалімдерін білмейді екенмін. Сабақта баланың өз жауапкершілігі болуы керек деп ойлаймын. “Ол сенің бағаң, мұғалімдермен өзің шеш, көр, мен бағаларыңа араласпаймын” дедім. Бірақ білімдерін арттыруда жағдайларын жасап береміз, қосымша сабақтарға жазып, жақсы мұғалімдерін тауып беруде тартынбаймыз.
Бала өз бағытын таңдағасын, бетін қақпаймыз. Балым НЗМда физматта оқығасын, ары қарай инженерияға бара ма деп ойлағанбыз. Бірақ ол журналистиканы таңдады. Ана ретінде басқасын қаласам да, өзімді тоқтаттым. Бала кезден ұйымдастырушылық, шығармашылық қабілеттері барын көріп, қолдап жібердік. 9 сыныпта өз күшімен демеушілерді тауып, Астанада К-поп концерт ұйымдастырғаны бар.
Екі үлкен қыз бір-біріне құнды кеңес, мотивация беретіндей жасқа жетіп қалыпты. Қазір Камила IELTS-қа дайындалып жатыр. Соған студент қызым Балым жігерлендіру үшін: “Егер 7-ден жоғары балл алсаң, сені өзім шет елге апарудың жолын табам” дегенін естігенде, іштей таңғалдым.
Үлкен отбасымызбен қарым-қатынасты үзбейміз. Бар қиындыққа көз жұма қарамаймыз, бір-бірімізге көмектесіп отыруға тырысамыз. Керек болса, ақшалай да демеп жіберуге дайынбыз.
Туыстарымыздың қиындықтары барын білсек, сол ситуацияны ашық айтып, өзара шешіп аламыз.
Біз жаңа жылды туыстарымызбен бас қосып тойлағанды жақсы көреміз. Ауылда тұрғанда, папамыз машинасының артына үлкен шана жегіп алып, біз үстіне көрпе төсеп, бүкіл туыстардың балаларын жинап ап, түнгі он екіде көшелерді аралап, қыдыртатын. Соны балалар ұмытпай айтып отырады. Жолдасым мені және қыздарымызды барынша қолдайды. Ойлап тұрсам, ол кісі ешқашан жоқ деп айтпайды екен.
Біздің балалық шақ пен қазіргі балалардың балалық шағын салыстыруға да келмейді. Біз еңбекпен өстік, бізді тәрбиелеген еңбек. Үйдің барлық жұмысын мойнымызға артып өстік. Қазіргі балаларда қол еңбегі деген жоқтың қасы. Сондықтан, қыздарымның демалыс күндері тәттілер немесе ыстық тамақ дайындағанын жақсы көрем. Кейде мақтап қойып, тәтті бәліштерін жасатам. Басын өздері бастап, аяғында өзім қалдырған ыдыстарын жуып кетсем де, мақтап қойып жасататынмын. Кейін бәрін үйренді ғой.
Жақында өзіме жақсы лайфхак таптым. Үйдегілердің бәріне ыңғайлы болу үшін, кейбір тамақ түрін алдын-ала дайындап, тоңазытқышқа қатырып қоям. Керек кезде жолдасым мен қызым қалағанын алып, жылыта салады. Уақытты керемет үнемдейді.
Менің әжем шебер болған адам. Сол кісіден дарыған ба, мен де тігінді жақсы көрем. Мектеп кезінен өзіме ұлттық баскиім, киім-кешек тігіп жүргенмін. Жасминді ұзатқанда, сәукелесін өзім жасағам. Қызымның маңызды қадамы оңынан болсын деп ниеттендім.
Өз қыздарыма ешкімге тәуелді болмай, шешім қабылдағанда басқа адамдар не дейді екен деп алаңдамай, саралап, ойланып барып шешім қабылдай білу керек деген кеңес берер едім. Көп сұрақтарда біз ұят болады ғой, басқаларды ренжітіп алмайын деп шешім қабылдағасын, өзіміз соның салдарын көрдік.
Қазір отбасымыз әр жақта. Біз Астанадамыз, Жасмин тұрмыс құрды, Балым Қатар елінде оқып жатыр, Камила ғана қасымызда. Бірге бас қосқанда құнды уақыт өткізу жайлы ойланам. Жаңа жылдық кешті отбасымызбен бірінші рет жаңа форматта өткіздік. Осы парақшадан көрген сценарийді пайдаланып, ұмытылмас керемет кеш жасадық. Балалар сұрақтарға жауап бергенде, біз ойлағаннан да терең жауап айтып, іштерін ақтарып, күліп те, жылап та алған сәттер болды. Бұндай құнды өнімдер көп болса екен деген ниет білдірем".